III


 «Отандық көне басылымдар»

Бұл көрмеде араб әрпімен басылып шыққан тарихи деректерге бай, халықтың саяси, мәдени өмірінен мол мағлұматтар беретін, құнды жәдігер саналатын алғашқы қазақ баспа кітаптары мен басылымдары ұсынылды.

Көрмеден алғашқы баспа кітаптармен қатар баспа бетін көрмеген Шортанбай, Шал, Әсет, Мәди сынды қазақ ақындары мен жыраулары шағармаларының қолжазбаларын да көруге болады. Көрмеміздің ең құнды жәдігерлерінің бірі – Жаяу Мұса Байжанұлының өз қолымен жазылған күнделігі және Ә. Марғұланның Жаяу Мұса туралы естелігі көрерменге түп нұсқасында ұсынылды.

Алғашқы қазақ баспа кітаптары ХІХ ғасырдың басында Санкт-Петербор, Қазан, Уфа, Орынбор қалаларында шыға бастады. Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспа кітаптардың бірі саналатын «Сейфулмәлік» дастаны араб графикасымен 1807 жылы жарық көрді.

Баспа өнерінің ХІХ ғ. Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Ташкент  қалаларында, ХХ ғасырдың басында Верный, Кереку, Семей т.б. қалаларында қарқынды дамуы қазақ халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы мен жекелеген ақын-жазушылар, ғалымдар, ойшылдар шығармаларының хатқа түсуіне, жинақталуына оңтайлы құбылыс болды.

Қазан қаласы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің шығыс халықтары тілдеріндегі кітаптарды бастыру ісінің ірі орталығы болды. Қазақ ауыз әдебиетінің туындылары – қиссалар, эпостық, лирикалық жырлар, айтыстар, діни дастандар мен аңыз-ертегілер Қазан қаласындағы Б.Домбровский, М.Чирков, Ш.Хусаинов, И.Харитоновтардың және т.б. жеке баспаханаларында басылды.

Көрмеге Қазан қаласында басылып шыққан ноғай жырлары: «Қырық уәзір хикаясы», «Ер Сайын» жыры және Нұртуған жырау нұсқасындағы «Орақ-Мамай» жырының қолжазбасы қойылды.

Халық арасында кең жырланған Сұлтан Кенесары мен Садық, Ерназар және Бекет батыр жырларының И.В.Аничков, С. Смирнов бастырған баспа кітаптары көрмемізді құнды жәдігерлері.

Тарихын, сонау, тереңнен тарқататын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы – шежіре. Араптың “шаджара” үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра әлмисақтан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан өнер. М.Қашқаридың «Диуан луғат ат-түрік», Әбілғазы Бахадурханның «Шәжәрә-и ат-түрік», көне «Қудатғу білік» шығармаларында түркі тілдес халықтардың шежірелері қамтылған. Бұған қоса Мухаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» және Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» сияқты ортағасырлық құнды мұраларында халқымыздың шежіреге деген құрметі мен ыждаһаттылығы анық көрініс береді. Сол сияқты қазақ қоғамы арасында кеңінен мәлім болған шежірелер қатарына «Қиян Домбауыл мерген шежіресі», «Алаш мыңы», «Үйсін Майқы бидің шежірелері», «Қыпшақ Кіреулі шежіресі», «Едіге би шежіресі» сияқты ортағасырлық жазба мәдениетінің мұраларын жатқызуға болады.

Көрмемізде Әбілғазының «Тарихи шежіре ат-турк» шығармасын,  С.Торайғыров жазған «Қазақ тайпасының ата-бабаларының турасында сөйленген рауаятлар баяны» шежірелік қолжазбасын, М.Ж. Көпеев жинаған шежірелерін және т.с.с. шежіре шығармаларды көруге болады.

No comments:

Post a Comment

Note: only a member of this blog may post a comment.