II



«Қолжазба – ғасырлар мұрасы»

Елдің тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси өмірінен мол мәлімет беретін қолжазбалар қашанда адамзат өркениетінің ортақ мұрасы саналған. Бұл көрмеде елдің тарихи, мәдени, қоғамдық өмірінен мол мәлімет беретін қолжазба мұралармен таныстыру.
Қолжазбалардың, соның ішінде тарихи және әдеби шығармалардың құндылығы қашанда жоғары бағаланады. Бөлімде аса құнды һәм ғылым игілігіне қажетті шежірелік еңбектер мен қолжазбалар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты фольклорлық, этнографиялық материалдар қойылды.
Көрмемізде күллі мұсылман қауымның діни жоралғысы мен дүниетанымын қалыптастырған Құран Кәрімнің әр түрлі жазу үлгісіндегі (насх, насталик) нұсқалары мен түркі жұртының рухани пірі саналған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтерінің» қолжаба және Қазанда (1896 ж.) жарық көрген баспа нұсқасы ұсынылып отыр. Соның қатарында Хожа Хафиз Ширази диуандары, әл-Хорезмидің «Махаббат-намасы», Наср ад-дин Рабғузидің «Қисас ал-анбиясы», Сопы Аллаярдың «Сабат ал-аджизині» (Әлсіздерге жігер) қойылды.
Әлемдік ғылым мен өркениет дамуына өзіндік үлесін қосқан дарынды ғұламалар аз болған жоқ. Сондай Қазақстан территориясында өмір сүрген ортағасырлық бірқатар ғұламалардың еңбегі көрмемізде лайықты орнын алды. Солардың ішінде әл-Фараби, Ибн Сина сияқты ат мәшһүр ғалымдардың және Ахмед Иүгенекидің «Хибат ал-Хақаиқ» (Хақиқат сыйы), Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-турк», Жүсіп Хас Хажіб Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары көрме төрінде тұр.
«Ахбар Шыңғысхан уа Ақсақ Темір», «Темір-наме», «Тауарих Мырза», «Тарих Сайқали», «Тарих-и Туркистан» (Түркістан тарихы) сынды Қазақстан тарихынан мол мәлімет беретін тарихи шығармалар да көрмеміздің ажары.
Қолжазба жәдігерлері арасынан атақты шығыс шайырлары Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесін», Физулидің «Лейлі-Мәжнүнін», адамдық ізгі қасиеттерді жырлаған Әлішер Науаидің диуандарын, Омар Хаям рубаяттарын көре аласыздар. Бұл шығармалар әлемдік көркем әдеби ескерткіштер қатарында. «Шығыс Илиадасы» аталған «Шаһнаме», «Лейлі-Мәжнүн» ғашықтық дастандары қазақ арасында ауыз әдебиет үлгісінде де, қолжазба түрінде де тарады. Ораз Молда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ақындарымыз бұл жырларды парсы тілінен қазақ тіліне аударып, оқиға желісін әдеби шеберлікпен суреттеп, қазақ ұғымына түсінікті етіп жазып кеткен. Көрмеге аталған жырлардың қолжазба және алғашқы баспа нұсқаларында қойылды.

No comments:

Post a Comment

Note: only a member of this blog may post a comment.